Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Шығыс Қазақстан облысы

Маңызы артқан мал бордақылау алаңдары

Маңызы  артқан  мал  бордақылау  алаңдары

Аудан халқы негізінен  мал шаруашылығымен шұғылданады. Бір қуантатыны, соңғы жылдары аудан тұрғындары  мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал қарасын көбейтіп, бордақылау алаңдарын салуда. Мәселен, 2016 жылы 5 бастан жоғары 488 бордақы алаңы болса, 2017 жылы 583-ке жетті. Ағымдағы жылдың жоспар тапсырмасы бойынша 810 бордақы алаңы ашылды.

Ауылдық округтер бойынша Ақсуат ауылында-64, Ойшілік ауылдық округінде-57, Жетіарал және Құмкөл  ауылдық округтерінде 47 бордақы алаңдары болса, қалған ауылдық округтерде де 30 бордақы алаңнан кем емес.
Өткен жылы ірі қара малын сатып алуға қатысты заңға енген өзгерістер нәтижесінде бұқаларды сатып алмай, 1000 бастан асатын мал бордақылау алаңдарынан жалға алуға болатындығы көрсетілген. Өз кезегінде бордақылау алаңы бұқаны бергені үшін Үкіметтен 100 мың теңге субсидия алатын болса, тауарлы шаруашылықтар 50 сиыры болса, 2 бұқасын жалға алып, Үкіметтен әр басына 10 мың теңгеден субсидия алатын болады.
Осыған байланысты ауданымызда бүгінгі күні 4 ірі бордақы алаңының жұмысы басталды. Соның біреуі "Ықыбай" шқ толық аяқтап, қалған бордақы алаңдарында аяқталу жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Ықыбай" шқ бүгінгі күнге 3000 бас асыл тұқымды бұқашықтарды тарату жұмыстарын жүргізе бастады. Бұл жағдайда шаруашылықтарға бұқа сатып алу қажеттілігі болмайды. Субсидиялау жұмыстарына қатысқысы келген кез келген шаруашылық "Ықыбай" шаруа қожалығы операторына хабарласып (Айгерім-87719871296), арендаға асыл тұқымды бұқашықтарды алуға болады. Сонымен қатар, қалған 3 ірі бордақы алаңының жұмысы жалғасуда.
Екпін ауылдық округінен "Бастау" шқ 3000 бастық бордақы алаңының жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы  жылдың күзінде іске қосылып, жылына 600 тонна ет шығаратын  болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құмкөл ауылдық округінен "Аспан-Ш" АӨК-і 2000 бастық бордақы алаңын салуда. Мұнда да биылғы жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталмақ. Сондай-ақ, Көкжыра ауылдық округінен "Сарман-8" АӨК-те 1000 бастық бордақы алаңының жұмыстары жалғасып, осы жылы толықтай жұмыс жасайтын болады. Жылына 200 тонна ет шығарады деп жоспарланып отыр.
Аудандағы ұсақ шаруа қожалықтары алдағы уақытта бір мезетте 1000 бас мал бордақылайтын жоғарыда аталған  бордақы алаңдарына тұқымдық түрлендіру жұмыстарынан алынған төлдерін өткізу арқылы тірідей салмағының 1 келісіне  200 теңгеден субсидия алатын болады.
Аудандағы әр үйде бордақылау алаңдары ашылса, халықтың әл-ауқаты да жақсарары сөзсіз. Жұмыссыздықтың азаюына да септігі тиері айдан анық.
А.Үсенғалиев - "Ернат" шаруа  қожалығының  жетекшісі: 
- Мал басын асылдандыру мақсатында қазіргі таңда іске асырылып жатқан асыл тұқымды бұқашықтарды жалға алу біздер сияқты ұсақ шаруашылықтарға өте тиімді болып тұр. Осы тұрғыда "Ықыбай" шаруа қожалығынан асыл тұқымды бұқашық алып, тауарлы аналық мал бастарын субсидиялау жұмыстарына қатысуға  мүмкіндік алдым. Бұл қаражат жағынан үнемді дүние болып табылады.
Т.Сейтқасымов - "Алинұр" шаруа қожалығының төрағасы: 
- Асыл тұқымды бұқашықтарды жалға алу ұсақ шаруа қожалықтары үшін биылғы жылы жасалынып жатқан үлкен бастама деп айтар едім. Осы  арқылы мен "Ықыбай" шаруа қожалығынан 2 бас асыл тұқымды бұқашық алып, мал басын асылдандырудамын.  Бұл аудандағы барлық шаруашылықтарға үлкен көмек және мал басын асылдандыру жұмыстарын жандандыруға жасалған бастама деп есептеймін.

Қаламқас Жұмашқызы,
аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы.

 

басқа жаңалықтар