Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Шығыс Қазақстан облысы

Отбасының ұйтқысы

Отбасының ұйтқысы

"Отан отбасынан басталады" деп жатады. Бұл пайымды пікірдің астарын ұғынса терең мән жатқандай. Шағын мемлекет саналатын отбасының береке-бірлігін бекемдеу ең алдымен отбасы, ошақ қасындағы аналарымызға байланысты екендігін ешкім теріске шығара қоймас.  Сондықтан болар, қазақы қаймағы бұзылмаған ауылда ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіріп, оларға нағыз қазақ шаңырағына тән жылылықты бере білу әр отбасындағы аналарға керек қасиеттердің бірі. Ауданымызда  жасаған кәсібін өрісті, ұрпағына берер өнегесі мен тәрбиесін келісті етіп жүрген аналар қауымы жетіп артылады. Солардың бірі- қабанбайлық  Назым Қаблашова дер едік.

Назым жолдасы Манарбек Хамзин екеуі бес бала тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Назымды танитындар "Ерсұлтан" шаруа қожалығын құрып,  шаруашылықты дөңгелетіп отырған жарымен иық тіресе жұмылып жұмыс жасап жүрген іскер әйел, аяулы жар,  ардақты ана, ибалы келін ретінде жақсы жағынан сипаттап жатады.
Тәлімді, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, кәсібінің өрістеуіне үлес қосып, өнегелі жанұя болған олардың отауы осыдан ширек ғасыр бұрын тігілген екен. Бес баласына тәрбиенің түпқазығы - білім мен еңбекте екенін ұғындырып келе жатқан шаңырақ  иелерінің балалары да ата-аналарының мақтаныштары.
Кез келген ата-ана сияқты олар да балалары үшін бәйек болады. Балаларының баянды болашағы мен дендерінің саулығы үшін алаңдайтын Назымдай бақытын еңбектен тапқан ананың - бала тәрбиелеуі де өзгелерге үлгі боларлықтай. Жары екеуі перзенттерін табан ақы, маңдай термен тірлік етуге үйретіп, жан-жақты болып өсулеріне, спортпен айналысуларына да барынша жағдай жасауда. Айталық, ұлдары  Ерсұлтан ел көлемінде  өтетін түрлі сайыстардың жеңімпазы ғана емес бүгінде кикбоксингтен спорт шеберіне үміткер. Облыс құрамасындағы спортшы. Ал, қыздары Аяулым "Ана мен бала" орталығында медбике болса, Құралай Қазақстан-Американ еркін университетінде жоғары экономист және заңгер мамандығы бойынша білім алып жатыр. Алан К.Төгісов орта мектебінің 6 - сынып оқушысы екен.   
Әйел ретінде бірінші орынға отбасын қойып, жолдасына жағдай жасап, дені сау, иманды ұрпақ тәрбиелеп, туған-туысқа ибалы келін атанып, барлығына қамқорлық көрсетіп жүретін Назым ауылдық округте өтетін түрлі қоғамдық іс-шараларға да белсене араласып, үнемі  демеушілік көрсетіп тұрады екен. 

Д.ҚЫДЫРБЕКОВА.
 

басқа жаңалықтар