Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Шығыс Қазақстан облысы

Пошташы Төлеу

Пошташы Төлеу

Үлкен қара сөмкені иығына асып алып, сөмке толы газетті таратып жүретін жандардың еңбегі көп жағдайда елене бермейді. Алайда, осы қызмет түрін жатсынбай, 19 жасынан еңбекке араласқан Құдайбергенова Төлеу апаны ақсуаттықтардың көбі ұмыта қоймаған, әсіресе, үлкендер жағы. 

Мектепті бітіргеннен кейін 1 жылдық байланыс жөніндегі оқуды бітіріп, жұмысқа орналасыпты. 1-разрядты монтер, пошташы болып қызмет еткен. Жолдасы Құдайбергенов Жұмахан 80-нен асқан. Ол кісі де осы пошта саласында еңбек еткен екен. Еңбек ете жүріп 12 баланы дүниеге әкеліп, бағып-қаққан өнегелі отбасылардың бірі. Қазір бала-шағалары да бір-бір үй болып, әулеттері кеңейген.  
Күннің ыстық-суығына қарамай, уақытының көбін көше аралаумен өткізу оңай шаруа емес, әсіресе, әйел затына. Десек те, кейіпкеріміз қызығынан қиындығы басым газет тарату жұмысын ыждаһатпен еске алады.
-Сол жұмыста жүріп небір қызықты да, қиындықты да бастан кешірдік қой. Ол кезде қазіргідей емес, жұмыс ауыр болды.   Қазіргімен салыстыруға келмейді. Біздің кезімізде газет-журнал деген көп, шетелден кітаптар келетін. Зейнетақы, жәрдемақы тараттық. Бір көтергенде 100 келідей көтереміз. Аяғымызда резеңке етік. Зейнетақыны бірінші соғыс ардагерлеріне, сосын көпбалалы аналарға таратамыз. Әдікбаева Күлсағат,  Құжиманова Камал апайлардың ақыл-кеңестерін тыңдай жүріп еңбек еттік. Ол кісілерден үйренгеніміз көп. Ол уақыт аумалы-төкпелі заман болды. Дүкендер қаңырап бос қалатын. Бала-шағаны асырау керек. Сол үшін де бәріне шыдадық, көндік, бейнетін де көрдік.  Қазір Құдайға шүкір, халықтың жағдайы жақсарды, еліміз дамып, қарыштап келеді,  тәубә дейміз. Алла, осы бақыттан айырмасын,-деген ана жүрегі ақ тілектерін де ақтарды. 
Бір байқағанымыз, қанша жыл аяғынан тозып, үй-үйді аралап, аптап ыстық пен қақаған аязға қарамай, жанын сала еңбек еткен Төлеу Құдайбергенова осы уақытқа дейін ешкімнен ешқандай Алғыс хат та алмапты. Десек те, бала-шағасының бақытына бөленіп отырған ана бүгінгі күніне разы. Балаларының барлығы оқып, білім алып, түрлі салада қызмет етіп жатыр екен. Тек, дене шынықтырудан мұғалімдікті бітірген ұлына жұмыс таба алмай отырғанына қынжылады. Қалаға барып жұмыс істейін десе, жасы келіп қалған әке-шешені тастап кетуге қимаған ұлдары қазір бос екен. 
"Әйел-қырық шырақты" деген сөздің мағынасын осындай адал еңбек ете жүріп, бала-шағаны "қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай" өсіріп-жеткізген аналарға қарап-ақ тереңінен ұғынуға болар.
 

Г.Демеубаева.
 

басқа жаңалықтар