Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Шығыс Қазақстан облысы

"БАБАЛАР САЗЫ" этно-ансамблі Түркияда өнер көрсетті

"БАБАЛАР САЗЫ" этно-ансамблі  Түркияда өнер көрсетті

Ақсуат мәдениет үйінің жанынан құрылған  "Бабалар сазы" этно-ансамблі былтыр Иран Ислам Республикасының Тегеран қаласында ұлттық-дәстүрлі музыкамызды паш еткен болатын. Енді міне, араға бір жыл салып Алтайдан Анадолыға сапарлап қайтты. Атап айтқанда, Түркияның Бурса және Анкара қаласында шығармашылық концертін қойды. Бұл жолғы өнер сапарына да ауданымыздың әкімдігі демеушілік жасап, рухани кемелденуге жол ашты. Ансамбльді бастап барған Шәкен Мәлікқызының айтуынша, бауырлас ел біздің өнерпаздарымызды  қуана күтіп алып, барынша ізет көрсеткен, қазақ өнеріне тәнті болғандарын жасырмапты.

“Иә, биыл сәтін салып, Наурыз мерекесі қарсаңында Ататүрік еліне, Түркияға мәдени сапармен барып қайттық. Алматыдан әуе рейсімен Стамбулға тарттық. Ол жерде бізді Бурса қаласындағы Ұлыдағ университетінің өкілдері күтіп алды. Бурсаға автокөлікпен апарды, жолдары тақтайдай, 2-3 сағаттық жерге шаршап-шалдықпай-ақ жеттік. Біз бармай тұрғанда интернетпен онлайн режімде  түріктің халық әртісі Баһадүр Өзушенмен халық әні "Гүлдерайымды" дайындадық. Біздің Төлеген Шәкәріммен бірге орындайтын болды. Барғанымызда түрік тілінің кейбір сөздері қазақ тіліне ұқсастығын байқадық. Мәселен, жолаушы дегенді мүсәпір дейді. "Үйден ұзап шыққан жолаушыны - мүсәпір" дейді ғой қазекем. Бітті, аяқталдыны тәмәм дейді екен түріктер. Ара-тұра болмаса, түрік тілін түсінбейміз. Сол үшін Нәзира Махамбетқызы деген аудармашы сіңіліміз бізбен бірге барды. Нәзира “Түркі әуендері” фестивалінің ұйымдастырушысы, продюсер. Сонымен, Бурсадағы Ұлыдағ университетінде концерт бердік. Жалпы, түрік ағайындар өнерімізді көріп, бізді Астана, Алматы секілді қалалардан келген республикалық деңгейдегі ұжым деп ойлапты. Тарбағатай секілді шекара шебіндегі қарапайым ғана ауданнан мұндай өнер делегациясы шығады деп топшыламаса керек. Сөз орайы келгенде Алтай - ежелгі түркі халықтарының кіндік жұрты болып саналатындығын, арғы тегіміз бір екенін, сол өңірден келгенімізді алға тарттым. Сонда Ұлыдағ университетінің проректоры, профессор Мехмет Юдже: "Біз атқа мініп, жер шолып Батысқа кеттік, сіздер жылқыны жеп сол жақта қалдыңыздар" деді жылы шырайлы үнмен. Түріктер бізді сақтап қалған жануар деп жылқыны жемейді екен.
Жалпы, концертімізді түрік халқы жақсы қабылдады. Тоқтамай қошеметтеп қол соққанынан солай деп түйдік. Жергілікті басылымдарына біз туралы мақала да шығыпты, бұл да кеудедегі қуаныш сезімін еселеді. Түріктің халық әртісі Баһадүр Өзушен мен біздің дәстүрлі әншіміз Төлеген Шәкәрім бірігіп қазақтың халық әні "Гүлдерайымды" шырқады. Біздің этно тобымыз ойнаған суағаш аспабы, домбырамен бірге билеген ортекеміз, үш ішекті домбыра, жетіген, қобыз, дабыл-даңғара, шаңқобыз, сазсырнай секілді ұлт аспаптарының қоңыр үні Ұлы даламыздан өрбіп, Түркия жеріне жетіп, көрерменді бей-жәй қалдырмады. Н.Тілендиевтің "Жекпе жек", "Аққу", Сүгірдің "Ыңғай төк", Дәулеткерейдің "Көроғлы",  халық күйі "Бұлғын Сусар", "Домбыра" күйлері мен көшпелі кең заманда қазақ даласын шарлап кеткен халық әндері орындалды.
Осы тұста бізді құшақ жая қарсы алған Буйукшэхир әкімдігіне, Бычак музейінің директоры Месут Эмирге, концертімізге қолдау жасаған Стамбул университетінің доценті Джихан Юртчуға, Анкарада Башкент университеті мәдениет бөлімінің басшысы Өзгур Яғжыға айтар алғысымыз шексіз. Аталмыш өнерпаздарға да біздің аудан басшылығының Алғыс хаттарын тапсырдық.   
"Бычак" (қазақша пышақ) музейін араладық. Сонда пышақ қадау, садақ ату өнерін көрсетті.  Бір таңқалғаным, музейде біздің 1969 жылы Есік қорғанында табылған "Алтын адам" әшекейлерінің қатарындағы бұғы бейнесі мен пышақ тұр. Алтай өлкесінен табылғандығы туралы латын тілінде жазылыпты. Қала әкімдігінің Наурыз мерекесіне қатыстық. Келген қонақтарға наурыз көже ұсынды, дәмі біздің ұлттық сусынымызға ұқсас келеді екен. Оттан секіру ғұрпын да тамашаладық.
Түркия өнерпаздары да бізге бауырмалдықпен, шынайы көңілмен риза болды. Ұлыдағ университетінің ректоры Юсуп Улджай аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевқа дұғай сәлем айтып, Алғыс хат табыстады. Келешекте осы байланысымызды жандандыра түсейік деген пікірін де жеткізді. Бізде "Тарбағатай жұлдыздары" деген халықаралық байқау өтіп тұратынын құлаққағыс етіп, соған түрік әртісі Баһадүр Өзушенді де шақырдық, келіп жатса, қуанамыз әрине. Қорыта айтқанда, түркі дүниесін тануға, қазақ-түрік арасындағы мәдени байланысты, сабақтастықты дамытуға өнер арқылы үлес қоссақ, бұл да біз үшін жетістік деп ойлаймыз",-деп түйіндеді сөзін Шәкен Көпшікбаева.
Айта кетер болсақ, "Бабалар сазы" этно тобы Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне 2014 жылы құрылған. Көркемдік жетекшісі Қанат Әбуғазин. Ансамбль Шығыс Қазақстан облысында өткен түркі халықтарының "Алтай -Түркі әлемінің алтын бесігі" халықаралық музыка фестивалінде екі рет бас жүлдеге ие болды. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне "Ұлы дала қырандары" қозғалысы ұйымдастырған республикалық фольклорлық фестивалінде үздік атанды. Астанадағы Қазақ елі алаңында республикамыздың үздік филармониялары қатарында өнер көрсетті. 2017 жылы облыстық "Ғасырлар пернесі" түркі халықтарының музыкалық фестивалінде Бас жүлде иеленді.

Ерлан БАПАНОВ.
 

басқа жаңалықтар