Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Шығыс Қазақстан облысы

Бүлдіршіндер Наурыз тойын тойлады

Бүлдіршіндер Наурыз тойын тойлады

Күн мен түннің теңеліп, Жер-ананың бусанып, тіршілік атаулының бойына қан жүгіртетін Наурыз-барша мерекелердің төресі. Ұлыстың Ұлы күні Ақсуаттағы "Ақбота" жекеменшік балабақшасында бар сән-салтанатымен тойланды. Мерекелік думанға тәрбиеленушілермен қатар ата-аналары да қатысып, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Наурыздың басты кейіпкері, сыйлы қонағы Қыдыр ата келіп, ақ батасын жаудырып, мерекенің көрігін қыздырды. Бұл көрініс Аяз атаның таратқан тәттілерінен қарағанда Қыдыр атаның ақ тілегінің бүлдіршіндерімізге берер үлгі-өнегесі, тәлім-тәрбиесі мол екендігін айқындай түскендей болды. 

Күн мен түннің теңеліп, тіршіліктің жаңғырар сәтімен тұспа-тұс келетін Наурыз мерекесінде барша адамзат баласы ерекше бір күй кешері де анық.  Міне, осындай думанды күні тамаша сезім жетегінде жүрген балабақша ұжымы мен тәрбиеленуші кішкентай бүлдіршіндер, ата-аналар, келген қонақтар барлығы да Наурыз мейрамының шаттығына масайрап, бір-бірлерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жаудырып жатты.
"Ботақан", "Еркетай", "Сәулетай" топтары өз іштерінде екі ауылдан бөлініп, қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетіп, бүлдіршіндер ұлттық ойындарға қатысып, нағыз қазақтың қайнаған өмірін, қазақылықтың негізін көз алдымызға әкелгендей болды. Ұлттық нақышта киінген ата-аналар мен балғындар арнайы жайылған дастархан басына жайғасып, келген қонақтарды ыстық ықыластарымен қарсы алып, төрге шығарды. Наурыз көжеден бастап, қазы-қарта, бауырсақ, құрт-май сияқты ұлттық тағам түрлері дастарханның сәнін келтірді.
"Ботақан" тобы сәбиге ат қойып, бесікке салу, "Еркетай" тобы тұсау кесу, ұршық иіру, құрақ құрау, "Сәулетай" тобы да арнайы бағдарлама құрып, сол бойынша көрініс көрсетіп, жіп иіріп, тоқыма тоқу үлгілерін көрсетті. "Наурызбай", "Береке", "Мереке" "Бірлік" шағын ауылдарының осындай ұйымшылдықпен өткізген той-думандары көпшілік көңілінен шығып, ұлттық мерекемізді ұлықтауда ұйымдастырылған игі шара үшін "Ақбота" балабақша ұжымына ата-аналар, келген қонақтар алғыстарын жаудырып жатты. Бүлдіршіндер қыз қуу, арқан тарту, асық ату, теңге алу сияқты ұлттық ойындарды паш етті. Қара жорғаны билеп, мәз-мейрам болысты. 
Шара соңында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Құралай Рахымбаева осындай тағылымы мен тәлімі мол шараны ұйымдастырған балабақша ұжымы мен ата-аналарға, бүлдіршіндерге алғыс білдірді. Балабақша әдіскері Гүлжәкіш Нұрғалиева ұжым атынан ақ жаулықты аналардың арқасына орамал жауып, құрмет көрсетті. Қатысқан барлық топтар арнайы Алғыс хатқа ие болды.

Гүлмира ЕРКІНБЕКҚЫЗЫ.

басқа жаңалықтар