Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Шығыс Қазақстан облысы

Наурыз мерекесі өз деңгейінде тойланып жүр ме?

Наурыз мерекесі өз деңгейінде тойланып жүр ме?

Наурыз - қазақ  жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан мейрам. Кеңес өкіметі кезінде үзілді-кесілді тыйым салғанымен де қазақ ұлты біртегіс қоныстанған ауылдарда, қыстақтарда, дәстүр-салтқа ден қойған жанұяларда бұл мереке аталып отырды.  

Шүкір, біздің ауданымыз да ел қатарлы Наурыз мерекесін жыл сайын тойлап келеді. Дейтұрғанмен, мерекенің мәні мен  маңызы, басты ерекшелігі қандай? Осы сауал төңірегінде ой қозғап, айтары бар-ау дегендерден пікір сұрап көрген едік. Өкінішке қарай, бірен-саран болмаса, көбісі сол (әсіресе жастар жағы) "Наурыз - күн мен түннiң теңелiп, табиғаттың ерекше түрге бөленiп, жаңаратын кезi. Бұл күні туған-туысты аралаймыз, орталық алаңдағы концертті тамашалаймыз" деген пошымдағы сөздерден әрі аса алмай жатты. Осыдан барып Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі бізде өз деңгейінде тойланып жүр ме? Жұтаң, таптаурын көзқарастағы пікірлерді естіген соң, Наурыздың ел арасындағы насихаты кемшін емес пе? деген сауалдар еріксіз көкейге орала берді. Демек, әлі де кеңесiп пiшер олқы тұсымыз бар секілді... Неге Наурыз мерекесіне дайындық орыстың жаңа жылы сияқты бір ай бұрын басталмайды, неге бір ай бұрын ауыл көшелері Наурыз нақышында безендірілмейді? Ақсуат пен Ақжардағы лед-экраннан Наурыз туралы бейнероликтер, Ұлыстың Ұлы күні қандай рәсімдер жасалу керектігін баяндайтын қысқа метражды деректі фильмдер неге жүйелі көрсетілмейді? Аудандағы көнекөз қариялардың құнды пікірлері неге берілмейді? Концерт көрiп, киiз үй тiгумен, 1-2 сағатқа шапан киюмен ғана шектелгеніміз дұрыс па?! 
Ұлттық мерекені ұлттық салт-санамен, ұлттық дәстүрмен айшықтаудың талай жолы бар. Дәл осы күні термешілердің, жыршы, қиссашылардың өнерін халық алдына паш етсе, арзанқол әндерден мезі болып жүрген тыңдарман бір серпіліп қалар еді.  Тарбағатай өңірінде шебер адамдар баршылық, ағаштан, темірден түйін түйген ұлттық қолөнерді жасаушыларды елге көрсетіп неге дәріптемеске?  Ұлттық тағам түрлерін көрсетіп, ас әзірлеудің қыр-сырын білетін жандардың арасында неге аудандық байқаулар ұйымдастырмасқа? Қымыз, шұбат жасаушыларды таныстырып, ол астардың қасиетін неге дәріптемеске? Ол үшін қымызмұрындық күнін күтіп отыру шарт емес. Наурыз мерекесі ағаш отырғызудан басталып, жеті дәм мен ақтан жасалатын наурыз көжені дәріптеумен жалғасса, жақсы еді. Ал, балаларға "Алдар көсе", "Тазша бала" тағы басқа ертегілерден көріністер көрсетілсе, кішкентай көрермендер де мерекені есте қаларлықтай өткізер еді. Ал енді көже мен етке тойып алып, тек кәнсерт қарап тұрсақ, елдігіміз, тектілігіміз қайсы?! 
"Егемен Қазақстан" газетінде жариялаған мақаласында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы былай деп жазыпты: "Енді заман талабына сай Наурыздың пішімін түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Ел арасында "Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда" деген пікір қалыптасты. Сондықтан, мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы. Сондықтан да Наурызға іргелі ізденістер мен тарихи, әрі заманауи шаралар керек",- деп жазып, соны ұсыныстар жасаған екен.
    
КӨНЕКӨЗДЕРДІҢ КӨРКЕМ ПІКІРІ
Ал, Құйған ауылының тұрғыны, зейнеткер АЙДАРБЕК МАЛҒАЖДАРОВ  Наурызда тігілген киіз үйлерге тек бастықтарды ғана кіргізу, "комиссия" келгенше есігін ашпау секілді қазақтың дәстүріне жат қылықтардың жылда көрініс табатынына қынжылыс білдірді.  Оның айтуынша, ханға да, қараға да  ортақ тойда киіз үйлерден қарапайым халықтың бәрі дәм ауыз тигені жөн. Сонымен қатар, Айдарбек ақсақал Наурызда ауылдағы құда-жегжат, көрші-қолаң, ағайын-туыс, ауылдастар бір-біріне: қыстан қысылмай шықтың ба, мал-жан аман ба деп төс қағыстырып сәлемдесу жағын жетілдірсе, көңілде өкпе-реніштері болса кешірім сұрасып, татулықты күшейтсе деген пікірін де айтты.  
Зейнеткер ұстаз,  еңбек ардагері, ақсуаттық ТОҚТАРБЕК  БАЙҚАДАМОВ:  "Ұлыстың Ұлы күнінің басты тағамы - наурыз көже. Нурыз көжені айдың 21-інен апта бойы және әрбір отбасы тақ күндері кезекпен берген.  Діни аңыз бойынша наурыздың 11-і   пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) туған күніне тура келеді. Наурыз көжені діни негізде пайдаланған. Құрамы бидай, тары, қамыр, ет, тұз, сүт, су дегендей кемінде жеті түрлі тағамнан тұрған. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер: қазы-қарта, шұжық, жамбас қосылады. Ежелгі түркі тайпаларының мүшел есебі бойынша, жыл басы саналатын наурыздың 1-ші күні өткізіледі. Наурыз тойында молшылыққа жоралғы ретінде наурыз көже берілетін болған. Ұлан асыр тойда үлкенді-кішілі бәрі аралас жүреді. Қазіргі Наурыз мерекесінің тойлану деңгейі жақсы, дегенмен ескі көздер есебінде бұрынғымен салыстыра қарайтынымыз бар. Ілгеріде Наурыз тойында ер кісі мен әйел адамды көпшілік алдында күрестірген. Бұл халықты қыран-топан күлкіге көмген. Осыны неге қайта шығармасқа? Сонымен қатар, Ұлыстың Ұлы күнінде жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу, түс жорыту және наурыз жырын айту секілді ой салатын ойын-сауық түрлерін қайта жаңғырту қажет секілді.  Наурызда атқарылған салт-дәстүрді қалың көпшілікке мұражайға қойылған, мұрағаттарда сарғайып қалып кеткен бұрынғының сарқыншағы іспетті ертегі не көрініс қылып көрсетпей, шынайы өмірде айтысып, жарысып көрсетсе, қандай ғанибет?! Сол бұрнағы дәстүрдегі ғұрыптық ән-жырларымызды жаңғыртар болсақ, той үстінде жұмбақ та, жаңылтпаш та айтқызып, бәдік өлеңмен ауруымызды қуып, әзіл айтыстармен Наурызымызды көмкеріп жатсақ, мектеп жасындағы жастар да бай ауыз әдебиетімізден үлгі алып, қанық болмас па?!"
   "Тарбағатайдың Алтын анасы" төсбелгісінің иегері, тұғылдық МАРЖЕШ ШОРТАНОВА: "Құдайға шүкір, өз ретімен дәстүріміз түгенделіп, қазақыланып, ауылдарымызда жақсылықтар еселеніп жатыр. Наурыз мейрамы біздің Тәуелсіздігімізбен бірге қайта түлеп, жалпыхалықтық мерекеге айналды. Бұл күні ауданымыздың барлық ауылдары, елді мекендері Наурыз мейрамын мерекелей отырып, патриоттық сезіммен осы тамаша мерекенің ортақ қуанышына кенеледі. Осы орайда, менің бір ғана ұсынысым бар. Ене мен келін арасындағы сыйластыққа, түсіністікке негізделген қойылымдарды, екеуара диалогтарды Наурыз тойында көбірек көрсетсе деймін. Себебі, жастар, жас отбасылар көру арқылы тәлім-тәрбие алады. Бәрі емес әрине, кейбір отбасыларда ене мен келін арасы “суыңқырап” жататын жағдайлар болады. Оның енді әртүрлі себептері болуы мүмкін. Ал, жалпы, келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге де байланысты ғой. Қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес.  Молшылық пен ырыстың мерекесi - Наурыз мейрамы әр отбасына қуаныш пен молшылық сыйласын деймін".
    Ал, ақын МҰХТАР ШАХАНОВ: "Наурыз - ел-жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бiр-бiрiмен құшақ жайып, емен-жарқын табысатын айы. Әр мерекенің өзіндік тойлау  дәстүрі бар сияқты, Наурыздың да өзіндік тойлау дәстүрі бар. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын көрісуден бастап,  бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан,  тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, "Қызғалдақ" мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай "Алтыбақан" айналасындағы тамашамен аяқталатын.  Бұл күнде күмбірлі күй тартылып қана қоймай, кетіскендер бекісіп, ренжіскендер кешісіп, бітімге келетін. Қайырымдылықтар жасалатын. Бұл күнде тек жақсылықтар тіленіп, туыс-туған бір-бірін шақырысып, өлілерге дұға тілеп, тірілерге берекет сұраған. Бұлақтардың көзі ашылып, тазалық жұмыстары қолға алынған. Ағайындар бір-бірінің үйлеріне қонақ болып, жасаған наурыз көжелерінен дәм татысып, "Амансың ба? Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса, жол болсын!",  "Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге кірсін", - деп құшақтасып көріскен. Тоқшылық, ырыс пен құт болсын деп қасиетті наурыз көже дайындалып, мол дастархан жайылған. Бұл игі дәстүрлерде Наурыз мерекесінің ерекшелігі жатыр, әр дәстүрдің астында мән мен мағына, тәрбие жатыр",-дейді. 
 

Е.БАПАНОВ.
 

басқа жаңалықтар