Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Шығыс Қазақстан облысы

Жылқы - қазақтың жан серігі

Жылқы - қазақтың жан серігі

Қазақпын деген халық үшін жылқы - мәңгілік тақырып. Жылқы жануарының біз білмейтін сырлары мен қырлары көп. Сол үшін де осы бір сүйікті жануардың бағы мен бабы жәйлі көргенімді, білгенімді, естігенімді, оқығанымды, көңілге түйгендерімді оқырман қауымға ұсына отырып, біреу болмаса, біреу керегіне жаратар деп ойлаймын.

Қазақта атбегілік дейтін өнер бар
Ол-жүйрік жылқыны таңдап, танып, баптап бәйгеге қосып, бабын табатын адам. Осы өңірде ғұмыр кешкен атақты атбегілер болған.
Шығыстың атбегілік өнеріне үлкен үлес қосқан, Социалистік Еңбек Ері  Бошай Кітапбаев, Қызылкесік өңірінде ғұмыр кешкен, атақты бәйгетанушы, жүйрікті туғанынан білетін, бапкер-Хамза Байтілеуов, құмкөлдік Асқар Салықов, барлық саналы ғұмырын жылқы түлігін өсіруге арнаған Социалистік Еңбек Ерлері Қайырбек Ілібеков, Қазыбек Демеубаев ағаларымызды ескінің көзі жылқы өнерінің өзі демеске бола ма?! Амал не, барлығы да дүниеден өтіп кетті. Дәл бүгін текті өнерді өрге сүйреп келе жатқан жастар да баршылық. Айталық, аудандық мәслихаттың депутаты Сержан Омарбеков, Аят Ербаев, Мейрам Оралов, Мұрат Майыров, кіндіктілік  Қадыр Байғалиев, Саят Садуанов, Әділ Садықов, Болат Қойбағаров сынды азаматтар шынайы атжандылық танытып келеді. Қазақтың жүйрік жылқыға қатысты "Бақ шаба ма, әлде бап шаба ма" деген сөзін білеміз, яғни бабы болмаса, бақ қайдан шапсын, бұл жәй айта салған сөз. Жылқы баптау деген әуелі өнер, одан кейін еңбек.
Егер, жүйрік біткенді тек бір әдіспен баптаймын десе, ол қате. Қазақтың "Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады" дегені орынды сөз. Ат баптау деген телегей теңіз ілім, оны бір ауыз сөзбен жеткізіп айту қиын. Бошай Кітапбаев ақсақалдан "Жүйріктің бабын тері арқылы білуге болады" деп естігенім бар.
Сондықтан, көп жағдайда атбегілер жүйріктің терін жасырын, түнде алады. Тер қырудың да мәні бар. Шауып келген жылқыны ықтасын жерге тұрғызып терін қырған соң, екінші бір атпен жарты сағат тоқтатпай жетелеу керек. Өйтпесе, аяғына қан түсіп қалуы мүмкін екен. Баптаған жылқыны бәйге таяғанда жетектеп жүріп, мол қияқты таза жерге жаю керек. Әсіресе, қара жарысқа шауып келген жүйріктің ентігін аңдаған дұрыс. Яғни, ентігі басылып, табиғи қалпына қанша уақытта келді, осыған байланысты баптау жұмысын реттеу керек.
 Бапкер Хамза Байтілеуовтің айтуынша, жалпы, көп жыл байланған жүйрік өз бабын өзі табады. Еркежиренді баптаған кезде оны бос қоя береді. Ағып жатқан бұлақ суы, айнала көк орай шалғын, бірақ су ішсе бір-екі ұрттап жұтады, көк шалғынға көңіл аудармай былтырғы қураған ақтық шөптің басын ғана шалып жейді де, төрт аяғын көсіліп көп жатып ұйықтайды. Маңайындағы қыбыр-сыбырға көңіл аудармайды екен. Өте жуас, қолға ұстатады.Теуіп, тістеу деген оғаш мінездері жоқ. Бірде Хамза қарт: "Мен білетін жүйрікті сынаудың 10 түрі бар деп еді, осы 10 түрі сынға дәлме дәл келсе, ол жылқыны баптауға болады. Одан ойымда қалғандары мыналар: жүйрік жылқының иегінің асты алқымы кең болуы керек; шынтағы қабырғадан алыс тұрады; мықыны тар болғаны жақсы; содан кейін жүйріктің алдыңғы екі аяғын біріктіріп тұсағанда, екі шашаның ортасына жұдырық сиса, ол шын жүйрік; нағыз жүйріктің белі бүкір, желкені ой, қабырғалы келеді. Аяқ тастасы нық, шашасы жатаған емес, әрі қысқа, әрі тік болғаны абзал. Шашасы ұзын жылқының ішкі қуат-қарымы нашар болады. Одан кейін жүйрік жылқының танауына қарау керек. Танауы балақтың жел безегіндей желбіреп көрінсе , бұл жүйрік. Өрен шабысты аттың танауында тесіктері болады. Тесік көп болған сайын жылқының тынысы ашылып, ұзаққа сілтейді. Мұндай жүйріктің алды мен арты бірдей келеді.
Қазақ сыншылары бірауыздан бота тірсек жылқыны жүйрік деп таныған. Сондай-ақ, бауыры жазық, кеудесі кең, артқы екі аяғы талтақ, екі көзі отты, құлағы жұқа және тақыр, құйрығы сұйық, әрі жіңішке, бақайы тік және қысқа болса, ондай жылқыны да жүйріктер қатарына қосуға болады екен.
 Жүйрік болады-ау деген жылқыны бесті шыққан соң тік өрге немесе тік еңіске былғақтамай түсіп шықса, бұл жақсылықтың нышаны. Ал, құнанды жүйрік болар деген жылқыны жас күнінде белдеуге байлап қойып жақын маңда қиқулап ат жарыстырғанда ол елеңдеп, тыпыршып белгі берсе, жақсылықтың белгісі. Ал, үйірдегі құлын жылқы жусап тұрғанда құйрығын шаншып алып, үйірді айнала шауып ойнаса, бәйге болудың алғышарты. Жүйрік болар құлынды желіден тануға болады, ондай құлын желіде аяқ астын қазып, 3-4 күн жатпай тұрып алады. Мұндай құлынның желкесін қимай, зорықтырмай және сүттен тарықтырмай өсірген дұрыс болады.
Қазақ философиясында жылқы айрықша орын алады. Иә, жаратылыстың сан қырлы құпиясын танып білуде, өмір мен өлім арасын байланыстырарда үнемі жылқы кірісіп отырады. Дария тіршіліктің ұлы ағысы тоқтаусыз. "Ұрпақ алмасады, өмір жалғасады". Дүние жалғанды жалғап артқы толқын келеді. Мұны қазақ  “Ат  тұяғын тай басар” деген айшықты тіркеспен жеткізеді. Сондықтан да белгілі бапкерлер, жүйрікті танушылар, өмірден озғанмен қалай болғанда да, өмір өзі реттеп, жаңа буын, жылқы жағдайын білгіштерді өмірге әкелері сөзсіз. Қазақ үшін лауазым-шеннің, мансап биліктің де биік шыңы аттың үсті. Өмір бойы өнегелі ісімен үлгі болып, шау тартса да шалдықпаған, халқының қамын жеген ел ағасын ат үстінен түспеген жан дейді.
Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Жарынан кейін жақсы көретін жан серігі, қасиетті қанына сіңген-жануар. Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні, қазақ жылқы мінезді деп өзінің мінез-құлық,бітім-болмыс, жан-дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны болып саналады. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу-тек қазаққа ғана тән қасиет. Бұл қазақтың осы түлікке деген аса жоғары құрметінің белгісі. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды, жер бетінде жаратылысынан табаны жер иіскемеген бекзат бір халық  болса, ол қазақ болуы керек. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір "көк шолағы" болған. Қойшысы қой торысын мінді. Осы ат-көліктің арқасында Алаш баласы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Алып аумаққа иелік етті.
Сөз соңында жылқы жануары жөнінде азды-көпті білгенімді, көргенімді, оқығанымды оқыраман қауымға, жылқы жанашырларына аз да болса көмек болар деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, облысымыздың Бесқарағай ауданы, оның басшылығы жұрт болып ұйымдасып, "Шопан-Атаға" ұзын жолдың бойына үлкен ескерткіш орнатыпты. Дұрыс-ақ дерсің. Киелі Тарбағатай топырағында хан батыры Қабанбайдың жан серігі болып, талай қырғын соғысқа қатынасып, жеңіс әкелген қасиетті жануар Қубас ат 38 жыл бойы Ер Қабанбайды арқалаған. Бұл жануар Қызылкесік мекенінде дүниеге келген. Қазақстанды аузына қаратқан дүлдүл жүйрік  Еркежирен де осы топырақта өмірге келген. Олай болса, осы тарихи екі дүлдүлге бір ескерткіш орнатса, орынды іс болар еді. Халықты құлақтандырып, ұйымдастыру жұмыстарын ауыл әкімі, аудан басшылығы  қолға алса деген ұсынысым бар.
Елікжиренді де ұмытуға болмас?! 
М.Сахариев,
"Құрмет" орденінің иегері, 
жылқы жануарының жанашыры.  
      
 

басқа жаңалықтар